Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті мамандарының бірі, неонатальды хирург, Неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Кәукенбаева Гүлмира Төлепбекқызы Нүкіс қаласының Республикалық көпсалалы балалар орталығында оқыту шеберлік сабағын өткізіп, өзбек әріптестерімен тәжірибе бөлісті.
Екі күндік шеберлік сабағына Өзбекстанның 28 маманы қатысты: дәрігер-неонатологтар, балалар хирургтары, дәрігер-анестезиологтар, реаниматологтар, Балалар орталығының бөлімше меңгерушілері.
Іс-шараның мақсаты: туа біткен хирургиялық аурулары бар жаңа туған нәрестелерді диагностикалау, емдеу және операциядан кейінгі ем-шаралар бойынша неонатолог-дәрігерлер мен балалар хирургтарының кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын арттыру.
Шеберлік сабағы барысында асқазан-ішек жолдарының туа біткен ауруларын диагностикалаудың заманауи тәсілдері ұсынылды, әртүрлі туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелерге операция жасау кезіндегі клиникалық жағдайлар мен алгоритмдер талқыланды.
Туа біткен ақаулары бар науқастарды пренатальды диагноз қойылған сәттен бастап операциялық және операциядан кейінгі кезеңге дейін бағыттауға, көпсалалы топты үйлестіруге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өзбек әріптестерімен жедел емдеу кезеңдері, хирургиялық әдісті таңдау, бөлімшені заманауи аппараттармен жабдықтау және мамандарды даярлау сапасын арттыру мәселелері бойынша кәсіби пікірталастар өтті.
Шеберлік сабағы аясында жоғары санатты неонаталды хирург Гүлмира Кәукенбаева Нүкіс қаласында пациенттерді қабылдап, әрі қарайғы емдері бойынша кеңестер берді.
- «Жаңа туған нәрестелердің әртүрлі патологиялары мен хирургиялық аурулары бар неонаталдық жастағы 21 пациентке консультациялар берілді. Шеберлік сабағына қатысушылар пациенттердің осы санаттарын диагностикалау және емдеу бойынша практикалық ұсыныстар алды. Одан әрі ынтымақтастық, қашықтықтан телемедицина арқылы кеңес беру және кейінгі оқыту іс-шараларын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді. Шеберлік сабағы жоғары кәсіби деңгейде өтті. Іс-шара мамандардың біліктілігін арттыруға, бағыттауды жақсартуға және хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсетуге ықпал етті. Қатысушылардың жоғары қызығушылығы және өңірде осындай білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде өткізу қажеттілігі атап өтілді», - деді неонаталды хирург Г.Т. Кәукенбаева.
Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері барысында Г.Т.Кәукенбаева жаңа туған нәрестелердегі бауырда пайда болған алып ісіктерді емдеудің инновациялық әдістері бойынша және неонаталды хирургиядағы Педиатрия орталығының соңғы жетістіктерімен таныстырды.
#Өзбекстан
#ГүлмираКәукенбаева
#неонаталдыхирургия
#Педиатрияорталығы


