27 мамыр күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қатерлі дертке шалдыққан балалар үшін «Бар мейіріміміз балаларға!» атты мерекелік шара өтті.
Балалар үшін түрлі мөлтек фильм кейіпкерлерімен ойын-сауықтық бағдарламалар, фотосессиялар, сурет салу, лего конструкцияларын құрау, планетарий көрсетілімі және т.б.шаралар ұйымдастырылды.
ҚР ТЖМ Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстандық қор биржаның, «Амила» қорының, «Мир шоу», «Море шоу» компанияларының демеушілігімен келген аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, түрлі ойындар ойнады. Балалардың қуанышында шек болмады. Ауыр дертпен күресіп жүрген балалар шаттыққа бөленіп, би билеп, бір сәтке болсын ауруларын ұмытып, сергіп қалды.
Балалар мен ата-аналар орталықтың үшінші қабатында «Мeta-Planetarium» компаниясы ұсынған планетарийде «ашық аспан» астында жатқандай мөлтек фильмдер тамашалап, ғаламшарға саяхат жасады.
Балалар үшін мерекелік шаралар алдағы күндері Алматы қаласының мұражайларына саяхатпен жалғасады. Балалар сонымен қатар, «Қайрат» футбол клубында қонақта болады.
Мереке соңында «MIG QAZAQSTAN» компаниясының өкілдері Орталықтың барлық бөлімдерінің ойын залдарына балаларға арналған ойыншықтарды сыйға тартты.
Шара барысында ем алып жатқан балалардың ата-аналары сөз сөйлеп, барша демеушілерге алғыстарын жаудырды.
Мерекелік шараға атсалысқан барша демеушілерге алғысымызды білдіреміз!
Атап өте кетейік, мерекелік шара Орталықтың психологтары мен тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Педиатрия орталығында ем алып жатқан барлық балаға зор денсаулық, мол бақыт, бақытты балалық шақ, қуаныш пен шаттыққа толы жарқын өмір тілейміз! Келе жатқан Балалар мерекесі құтты болсын!
Ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлап, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялатуға ұмтылған шараның психологиялық көмегі зор деп білеміз.