2025 жылғы 20-21 мамырда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Балалар жасындағы ревматикалық аурулардың пәнаралық мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Педиатрия орталығы мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия мектебінің және Н.А.Барлыбаева атындағы балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға  ревматологтар, педиатрлар, гастроэнтерологтар, Алматы қаласының ЖПД дәрігерлері, ғылыми қызметкерлер, медициналық оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Ғылыми-практикалық конференция педиатриялық ревматологияның пәнаралық аспектілеріне, дәлелді медицина тұрғысынан балалар жасындағы ауыр мүгедектікке әкелетін ревматикалық ауруларды емдеудегі заманауи стратегияларға арналды.

Конференцияда  балалар жасындағы ревматикалық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи стратегиялары, нақты тәжірибеде диагностика мен терапевтік тактикадағы пәнаралық өзара іс-қимылдың проблемалық мәселелері,  балалардағы остеопороз, аутоиммунды увеит және т.б. балалар ревматологиясындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Балада ревматикалық аурудың клиникалық көрінісі көбінесе әртүрлі орган патологиясымен көрінеді, бұл зақымданудың жүйелілігін растайды. Бұл жағдайларда диагностикалық және терапевтік стратегиялар емдеу мақсатына жету және өмір сапасын жақсарту үшін әртүрлі бейіндегі мамандардың топтық жұмысын қажет етеді.

Талқылаудың өзекті мәселелерінің бірі балалардағы сүйек-минералды алмасу тақырыбы болды. Д витаминінің жетіспеушілігі және остеопороз –  бұл педиатрияда жиі кездесетін диагноз және ревматологқа баруға себеп болады. Бұл патологиялық жағдайдың себептерін дифференциалды диагностикалау және терапияны таңдау балалардың сүйек денсаулығын қалыпқа келтіру үшін маңызды. Сондай-ақ конференцияда ревматикалық пациенттердің гормондық терапиясы аясында остеопороз дамуының алдын алу және емдеу мәселелері талқыланды.

Конференцияның ревматикалық науқастарды басқарудың практикалық дағдыларын дамытуға және оларды одан әрі тәжірибеде қолдануға бағытталды. Конференция аясында сарапшылармен бірлесіп күрделі пациенттерге клиникалық талдау жүргізілді, бұл жас мамандар мен студенттерге қажетті, пайдалы дәріс болды.

Ревматолог-дәрігерлер мен педиатрлар біліктілігін арттыруы үшін конференцияның екінші күнінде балалардағы ревматикалық буындардың зақымдануын сәулелік диагностикалау бойынша шеберлік сағаты өткізілді.

Конференция және шеберлік сағаты шеңберінде алынған білім балалар дәрігерлерінің біліктіліктерін арттырары сөзсіз деп білеміз.