2025 жылғы 3-7 ақпан күндері аралығында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары Маңғыстау облысында ұйымдастырушылық-әдістемелік және консультациялық-практикалық көмек көрсетіп, мониторинг жүргізді.

Облысқа құрамында ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар пульмонологы, пульмонология бөлімінің дәрігері Т.В.Маршалкина, №2 хирургия бөлімінің меңгерушісі Б.М. Жұмадуллаев, «С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ неонатология кафедрасының меңгерушісі Н.С.Божбанбаева, неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінің хирург-неонатолог дәрігері Г.Т.Каукенбаева, ЖСҚЕБ-нің анестезиолог-реаниматолог дәрігері А.Б. Шекенова бар мамандар тобы барды.

Өңірдегі балаларға медициналық көмек көрсету мониторингі мақсатында ПБХҒО-ның мамандары Маңғыстау көпбейінді облыстық балалар ауруханасында, Облыстық перинаталдық орталықта, Ақтау қаласының Перинаталдық орталығында, Жаңаөзен көпбейінді балалар ауруханасында, Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасында, Түпқараған орталық аудандық ауруханасында, Форт-Шевченко орталық аудандық ауруханасында, балалар жұқпалы аурулар ауруханасында проблемалық мәселелерді анықтай отырып және оларды жою бойынша ұсынымдар әзірлеумен аралап шықты.

Мамандар облыс бойынша нәрестелер өлімінің ағымдағы жағдайына талдау жасады. Жаңа туған нәрестелер мен балаларға, сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсетуге баға беріп және анализ жасады.

Сонымен қатар, мамандар пульмонологиялық бейіндегі әртүрлі жастағы балаларға (оның ішінде муковисцидозбен есепте тұрған балаларға) консультациялық-практикалық көмек көрсетті. Барлық реанимациялық бөлімшелерде пациенттерді емдеу тактикасы бойынша ұсыныстар жасай отырып балаларға консультациялар өткізілді. БЖАА-да, ОБА-да консилиумдар, әртүрлі жастағы пациенттерге, соның ішінде хирургиялық бейіндегі, жаңа туған және шала туылған нәрестелерге, онкологиялық және гематологиялық бейіндегі науқастарға консультациялар берілді.

«Балалардағы Муковисцидоз. Балалардағы бронхөкпелік ауруларды диагностикалау және емдеу» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. «Балалар онкологиясы және онкогематологиясы бойынша жалпы ақпарат. Ерте диагностика. Науқастың бағыты» және «Балалардағы жатырішілік инфекция. Ерте жастағы балалардағы сарғаю» тақырыбында дәріс оқылды.

Өңірдегі қызметтің кейбір проблемалық мәселелері, «әлсіз» және «күшті» жақтары туралы Облыстың денсаулық сақтау басқармасы, балалық шақ және босандыру медициналық ұйымдары басшылығының қатысуымен ПБХҒО-ның мамандары жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша кеңесте баяндалды. Мамандарды оқыту және кадр тапшылығын шешу, кейбір ұйымдастырушылық мәселелер бойынша ұсыныстар берілді, жұмыс жоспарлары белгіленді.