2025 жылғы 10-17 ақпан аралығында Қазақстанда 15 ақпан – Халықаралық балалар қатерлі ісігіне қарсы күрес күніне арналған хабардарлық апталығы өтті. Бұл күндері дәстүрлі түрде еліміздің барлық медициналық мекемелерінде түрлі іс-шаралар, түсіндірмелік-ақпараттық жұмыстар, ашық есік күндері, қатерлі дертті алдын-алу бойынша дәрістер және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады.
Республикалық акция асында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы «Help Today» мен Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қорларының қолдауымен «Қатерлі ісікке қарсы бірге күресейік!» ұранымен бірқатар ауқымды шаралар өткізді.
Бүкіл әлемде 15 ақпан күні Халықаралық балалардағы қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн Люксембургте 2001 жылдың қыркүйегінде қатерлі ісікке шалдыққан балалардың ата-аналары ұйымдарының халықаралық конфедерациясының (International Confederation of Childhood Cancer Parent Organisations) жыл сайынғы кездесуі кезінде жарияланды.
Қатерлі ісікке шалдыққан балалардың халықаралық күні алғаш рет 2002 жылы өтті. Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күнінің басты мақсаты – педиатрлардың, бүкіл кәсіби медициналық қауымдастықтың және барлық мамандықтағы әлеуметтік жауапты азаматтардың балалар онкологиясының жетістіктері мен проблемалары туралы ақпараттандыру, қоғамның назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, алдын ала тексерілуге шақыру.
12 ақпан күні, Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні қарсаңында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен «Донорлықтың, сүйек кемігін трансплантациялаудың және онкологиялық науқастарды оңалтудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстелін өткізді. «Қатерлі ісікке қарсы бірге күресейік!» ұранымен өткен басқосуға Орталық дәрігерлері, онкогематологтар, резиденттер, ҮЕҰ өкілдері және Педиатрия орталығында емделіп жатқан науқас балалардың ата-аналары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты: гемопоэздік дің жасушалары донорлығының көрсеткіштерін, шарттарын, тәуекелдерін түсіндіру. Дөңгелек үстелде Қазақстанда осы қызметті ұйымдастырудың ағымдағы жағдайы, даму мәселелері мен перспективалары талқыланды. Жиында ҚР ДСМ штаттан тыс Бас балалар онкогематологы Лязат Манжуова еліміздегі балалар онкогематология қызметінің бүгінгі жәй-күйін баяндады.
«Қазақстанда жыл сайын балалардағы онкологиялық аурулардың 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. 2024 жылы онкологиялық ауру диагнозы еліміздің 638 баласына алғаш рет қойылды. Республикалық орталықтарда ісікке қарсы қарқынды емдеу аяқталғаннан кейін балалар тұрғылықты жері бойынша өңірлік балалар онкологтары мен гематологтарының бақылауында болады. Қазіргі уақытта елімізде қатерлі ісіктерді емдегеннен кейін ремиссияда жүрген 4 987-ге жуық бала диспансерлік бақылауда тұр. Балалық шақтағы онкологиялық аурулардың шамамен 70%-ы сәтті емделеді, бұл диагностиканың жақсаруымен және заманауи терапевтік әдістерді қолданумен байланысты.
Өкінішке орай, балалар қатерлі ісігінің алдын алу және скринингтік бағдарламалары бүгінде бүкіл әлемде жоқ. Алайда, тығыз ісіктерде ерте диагностикалау қатерлі ісікті емдеу мүмкіндігін арттыратыны дәлелденді. Сондықтан медициналық қоғамдастықтың және бүкіл халықтың қатерлі ісіктің алғашқы белгілері туралы хабардарлығын арттыру маңызды рөл атқарады. Өңірлердегі дәрігерлерді онкологиялық сақтық мәселелері бойынша үздіксіз оқытудың арқасында 1-2 сатыдағы қатерлі ісік диагностикасы 2015 жылғы 29%-дан 2024 жылы 46%-ға дейін өсті», деп атап өтті дөңгелек үстелде ҚР ДСМ штаттан тыс Бас балалар онкогематологы Лязат Манжуова.
13-14 ақпан күндері Педиатрия орталығында балаларға арналған мерекелік іс-шаралар өтті:
- дәрігерлердің, Орталық резиденттерінің қатысуымен балаларға арналған флешмоб және концерт;
- «Зазеркалье» театрының ертегілік музыкалық қойылымы;
- қыш-құмыра өнері, 3D модельдеу бойынша шеберлік сағаты;
- арт-терапия, қолөнер бойынша шеберлік сағаты;
- мобильді планетарийге бару;
- аниматорлармен ойын-сауық іс-шаралары және т.б.
«Help Today» ҚҚ және «Педиатрлар Одағы» ҚБ бірлесіп 15 ақпан күні Алматыдағы Форум сауда орталығында белгілі әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт (нонстоп режимінде) ұйымдастырды. Оған Үркер тобы, Кенжебек Нұрдолдай, Самат Жанғазин, «MMDANCE» балалар шығармашылық орталығы, Ұлттық-патриоттық орталығы Алматы қаласы филиалының әскери оркестрі және басқа да өнер жұлдыздары қатысып, қолдау көрсетті. Іс-шара аясында ерте жастан қатерлі ісік ауруын жеңген Орталық пациенттері - «Батыр балалар» қызыл кілеммен жүріп өту салтанатты рәсімі өтті. Жеңімпаз балаларға медаль мен естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шараға балалар мен олардың ата-аналарын, еріктілерді, дәрігерлерді, сондай-ақ БАҚ өкілдерін қосқанда 500-ден аса адам қатысты.
Сонымен қатар, дәл осы күні «Help Today» ҚҚ халық тұтынатын тауарлардың Қайырымдылық жәрмеңкесін, картиналар аукционын, «ҚазОРҒЗИ» АҚ және «ПБХҒО» АҚ-да емделіп жатқан пациенттердің сурет көрмесін ұйымдастырды. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жалпы сомасы 7 000 000 теңгеден асатын мобильді дәрілік станциялармен ПБХҒО-ның онкология және гематология бөлімшелерін қосымша жарақтандыру.
Апталық аясында сондай-ақ, қоғамның балалар қатерлі ісігі туралы хабардарлығын арттыру, күрделі аурумен арпалысқан пациенттер мен олардың отбасыларын қолдау, қатерлі ісікті ерте диагностикалау қажеттілігі мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар 10 қалада медиабордтар мен ЛЭД экрандарда қысқа бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, Халықаралық қатерлі ісікпен ауыратын балалар күнінің символикасы бар билбордтар қойылды.
Педиатрия орталығының ресми әлеуметтік желілерінде Балалар қатерлі ісігінің белгілері, алдын-алу, балалар қатерлі ісігінен айыққан науқастар туралы ақпараттары бар бейнероликтер мен посттар жарияланды. Арнайы мотивациялық подкаст түсірілді.
Осыған ұқсас іс-шаралар еліміздің әртүрлі өңірлерінде өтті. Мамандар, қатерлі дертке шалдыққан балалар айналасындағы жандардың қолдауын сезінсе, мықты бола түспек, дейді. Ендеше, балаларымызға үнемі қолдау көрсетіп жүрейік!
Акцияның басты мақсаты – ерте диагностиканың маңыздылығы жеткізу, балалар онкологиясы мәселесіне қоғамның назарын аудару.