15 ақпан – Халықаралық балалар қатерлі ісігіне қарсы күрес күні аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Донорлықтың, сүйек кемігін трансплантациялаудың және онкологиялық науқастарды оңалтудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен өткен дөңгелек үстелге Орталық дәрігерлері, онкогематологтар, резиденттер, ҮЕҰ өкілдері және Педиатрия орталығында емделіп жатқан науқас балалардың ата-аналары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты: гемопоэздік дің жасушалары донорлығының көрсеткіштерін, шарттарын, тәуекелдерін түсіндіру. Дөңгелек үстел отырысында Қазақстанда осы қызметті ұйымдастырудың ағымдағы жағдайы, даму мәселелері мен перспективалары талқыланды.

Жиында ҚР ДСМ штаттан тыс Бас балалар онкогематологы Лязат Манжуова еліміздегі балалар онкогематология қызметінің бүгінгі жәй-күйін баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын балалардағы онкологиялық аурулардың 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады.

«2024 жылы онкологиялық ауру диагнозы еліміздің 638 баласына алғаш рет қойылды. Қазіргі уақытта елімізде қатерлі ісіктерді емдегеннен кейін ремиссияда жүрген 4 987-ге жуық бала диспансерлік бақылауда тұр. Балалық шақтағы онкологиялық аурулардың шамамен 70%-ы сәтті емделеді, бұл диагностиканың жақсаруымен және заманауи терапевтік әдістерді қолданумен байланысты. Өкінішке орай, балалар қатерлі ісігінің алдын алу және скринингтік бағдарламалары бүгінде бүкіл әлемде жоқ. Алайда, тығыз ісіктерде ерте диагностикалау қатерлі ісікті емдеу мүмкіндігін арттыратыны дәлелденді. Сондықтан медициналық қоғамдастықтың және бүкіл халықтың қатерлі ісіктің алғашқы белгілері туралы хабардарлығын арттыру маңызды рөл атқарады. Өңірлердегі дәрігерлерді онкологиялық сақтық мәселелері бойынша үздіксіз оқытудың арқасында 1-2 сатыдағы қатерлі ісік диагностикасы 2015 жылғы 29%-дан 2024 жылы 46%-ға дейін өсті», деп атап өтті Л.Манжуова.

Басқосуда Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қорының жетекшісі Светлана Селюнина қордың негізгі қызметтері мен атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. ПБХҒО республикалық Балалар онкологиясы және гематология орталығының жетекшісі Гүлнар Әбділова онкогематологиялық аурулары бар балаларды реабилитациялау мен медициналық-әлеуметтік бейімдеудің рөлі туралы баяндаса, Педиатрия орталығының Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бөлімінің меңгерушісі Ерғали Сәрсекбаев қатерлі ісік ауруын толық емдеуге мүмкіндік беретін емдеу әдісінің жетістіктерімен бөлісті. Оның айтуынша, жаңа әдіс енгізілген 2012 жылдан бері Педиатрия орталығында 253 гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жүргізілген.

«Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау онкологиялық және гематологиялық ауруларда қолданылады. Әр жағдай жеке қарастырылады. Бұл процедураның мәні патологиялық немесе бүлінген сүйек кемігін ауыстыру. Көптеген науқастар үшін трансплантация жасау қорқынышты аурудан арылуға мүмкіндік берді. Трансплантация дәстүрлі емдеу дәрменсіз болған кезде аурудың ұзақ және тұрақты ремиссиясын алуға ғана емес, сонымен қатар бірқатар күрделі аурулардан толық айығуға мүмкіндік береді. Қазақстанда 2012 жылдан бастап онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларға гемопоэздік дің жасушаларын аутологиялық және аллогендік трансплантациялау жүргізілуде. 2019 жылдан бастап Педиатрия орталығында Қазақстан мен Ресейдің тіркелімінен туыс емес донордан гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік трансплантациялау жасалуда. 2022 жылы Қазақстанда алғаш рет Стефан Морша атындағы Халықаралық тіркелімнен гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік туыстық емес трансплантациялау жүргізілді. Бұған дейін Халықаралық тіркелімнен гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік туыстық емес трансплантациялауды қажет ететін пациенттер шетелдік трансплантация орталықтарында трансплантация жасатуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта пациенттердің тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде Қазақстан аумағында осы операцияны алуға мүмкіндігі бар. 2019-2024 жылдар аралығында Қазақстанның Ұлттық тізілімінен 7 гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жасалса, шетел регистрлерінен (Ресей, Германия, Польша елдерінен) 16 трансплантация жасалды», деп атап өтті Ерғали Сәрсекбаев.

Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бөлімінде трансплантациялаудың барлық түрлері жүргізіледі. Атап айтқанда, аутологиялық, аллогендік трансплантация және ішінара үйлесімді туысқан донордан (ата-аналардан) гемопоэздік дің жасушалары қолданылатын гаплосәйкес трансплантациялар.

Бүгінгі таңда ғалымдар дің жасушаларын пайдалану арқылы қатерлі ісік ауруын толық емдеуге үлкен үміт артып отыр. Өйткені, бұл заманауи емдеу әдісі қатерлі дертті жеңудің бірден-бір бірегей мүмкіндігі, дейді дәрігерлер.