2024 жылдың 17-18 қазан күндері аралығында «ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ДАМУ БОЛАШАҒЫ» атты ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ Х СЪЕЗІ және «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму болашағы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
Осымен оныншы жыл қатарынан өткізілгелі отырған шараның ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті.
Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х съезі жұмысына Италия, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь және т.б. алыс және жақын шетелдерден педиатрия және балалар хирургиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сонымен қатар еліміздің әр өңірінен 200-ден астам педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысады. Басқосу оффлайн және онлайн түрінде өтеді.
Алқалы басқосудың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов қатысады.
Шараның басты мақсаты - еліміздегі педиатриялық қызметтің жетістіктері мен даму болашағын саралау, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.
Еліміздің және шет елдің балалар дәрігерлерінің басын қосатын съездің беделді алаңында балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балалар хирургиясындағы өзекті мәселелер, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері, педиатриялық кадрларды даярлау мәселесі, балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, сирек кездесетін ауруларды ерте диагностикалау, емдеу, оңалту, асқынулардың алдын алу және тіркеу мәселелері және т.б. педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылады және практикадағы ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынады.
12 ғылыми сессияда барлығы 121-ден астам баяндамалар тыңдалатын болады. Баяндамалардың тақырыптар ауқымы кең. Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру аспектілері мен алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек деңгейінде балаларға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мәселелерінен бастап, балалардағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне дейін қамтиды. Сонымен қатар, педиатриялық хирургияның өзекті мәселелері, балалардағы сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттары, әртүрлі соматикалық және хирургиялық патологиясы бар балаларды оңалту және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, педиатриядағы ақпараттық технологияларды дамыту сынды өзекті мәселелер қаралады.
Съезд аясында 18 қазан күні докторанттарға, магистранттар мен резиденттерге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму болашағы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында конференцияда еліміздің және шет елдердің ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарында резидентурада, магистратурада және PhD докторантурада оқитын жас ғалымдардың жарияланымдары, ауызша және постерлік баяндамалары ұсынылатын болады.
Ғылыми конференцияға ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталады:
- «Үздік баяндама/тезис»;
- «Үздік ауызша баяндама»;
- «Үздік постерлік баяндама».
Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралайды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х съезінің арнайы шығарылымында жарияланады.
Шара аясында үш шеберлік сабақ: «Педиатриялық тәжірибедегі капсулалық эндоскопия», «Лейкемияны диагностикалаудағы MRD PCR real time рөлі. Зерттеу нәтижелерін түсіндіру» және «Балалар мен жас ересектердегі гематологиялық аурулардың морфологиялық диагностикасы», сонымен қатар «Қысқа ішек синдромы, терапия және динамикалық бақылау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстелі (18 қазан күні) өтеді.
Айтулы шара балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге, педиатриялық көмекті одан әрі дамытуға жаңа қуатты серпін беретініне сенімдіміз.
Съезд бағдарламасымен төмендегі сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://union-pediatrics.kz/
Өтетін күні: 17-18 қазан, 2024 жыл;
Басталуы: 9.00-де (тіркеу 8.00-де);
Өтетін орны: Алматы қ-сы, Royal Tulip қонақ үйі, М.Оспанов к-сі, 401/2.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52
8 707 815 18 33 Назира Жұмағұлова


